Дәрігер кеңесі: «Денім сау болсын десеңіз…»
Дәрігер кеңесі: «Денім сау болсын десеңіз…»
№ 17 Иван Трубицын атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде 7-8 сынып білім алушылар арасында «Денім сау болсын десеңіз…тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мектеп медбикесі Д.Батиева қатысып, оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мақсаты: білім алушыларды салауатты өмір салтына баулу, дұрыс тамақтануға үйрету. Мектеп медбикесі Д.Батиева балалардың дұрыс тамақтануы олардың денсаулығын нығайтып, дене дамуына мүмкіндік беретінің түсіндірді. Сонымен қатар мидың дамуына, ойлау қабілетінің жақсаруына және жүйке жүйесіне жақсы ықпал етеді. Яғни баланың сабақ үлгерімі жақсы болуына дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Егер бала құнарлы тамақтанбаса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейтінің атап өтті.
Оқушылар мұқият тыңдап, дұрыс тамақтану адам денсаулығына көп пайдасы бар екенін ұғынып, өз ойларын ашық айтып, ойларымен бөлісті.
Дұрыс тамақтанудың бес негізі бар.
Тамақ құрамында негізгі қоректік заттар — нәруыз, май, көмірсу болуы тиіс. Бұл — бір.
Екіншіден, тамақ рационында витаминдер мен микроэлемент болуы керек.
Үшіншіден, тамақ нәрлілігі адамның жасына, денсаулығына, ауа райына байланысты болғаны жөн.
Төртіншіден, тәулік бойы тамақтану тәртібінің мөлшерін сақтау қажет.
Бесіншіден, тамақтану санитарлық-гигиеналық талаптараға сай болуы тиіс.
Айта кету керек, тәулігіне бір, екі рет қана тамақтану дұрыс емес, белгілі бір мөлшерде үш-төрт рет тамақтану керек. Сонымен қатар тәуліктік ас мәзірі әртүрлі болғаны дұрыс. Әсіресе, организмге жануар белоктарының маңызы
зор. Жануар белогы жалпы белок мөлшерінен 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Жануар белогы жетіспесе, балалардың жұмысқа қабілеті төмендеп, тез шаршап, оқу үлгерімі нашарлайды. Тәуліктік рационда картоптан бөлек түрлі көкөніс, жеміс-жидектердің жалпы мөлшері 400 грамм болуы керек. Күн сайын сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері 500 миллилитрге жуық болуы қажет. Сонымен қатар бала апта бойы жарма түрлері мен ет, балық, жұмыртқаның қажетті мөлшерін қабылдауы тиіс.
Жасөспірімдердің тамақ нәрлілігі мен құрамы талапқа сай болуы керек. Балалардың тамақтарының құрамында тәулігіне 80-100 грамм нәруыз, 100 грамм май, 380 грамм көмірсу болғаны жөн. Нәруыз — сүттің, дәнді дақылдардың, етттің, салаттың, картоптың; майлы заттар — майдың, жұмыртқаның, сүттің; минералды тұздар мен микроэлементтер — шайдың, шырынның, компот және жеміс-жидектердің құрамында болады.
Құрғақтай тамақ жеу зиян. Мектепте дұрыс ұйымдастырылған тамақтану оқушының үлгерімі мен жұмыс қабілетінің артуына жәрдемдеседі.
Таңертеңгілік ас қою, тығыз болғаны дұрыс. Түскі аста негізгі тамақ қабылданады. Кешкі ас калориялылығы жөнінен таңертеңгілік аспен бірдей болуы керек. Кешкі ас ұйықтардың алдында кем дегенде 1,5-2 сағат бұрын ішілу керек. Әйтпесе, ас қорытуды қиындатады, май жиналуы мүмкін. Ұйықтар алдында бір стакан айран ішкен пайдалы.
Қазір қыс мезгілі. Қыста ағзаның иммунитетін сақтап, суықтан қорғайтын көп күш қажет. Ол үшін мына кеңесті еске сақтау артық етпейді.
B тобының дәрумендері күш береді және жүйке жүйесіне жақсы ықпал етеді. Бұл топтағы дәрумендер көкөністерде, жаңғақта, балық, қызыл ет, қара нан, тары мен қоңыр күріш құрамында бар. C дәрумені жұқпалы инфекция ауруларымен күреседі, қышқылға қарсы құнды дәрумен. Олар цитрус жемісінде, қырыққабат, ақжелкен, мүкжидекте бар. D3 дәрумені кальцийдің сіңірілуіне қажет. Кальций сүтте, маргаринде, теңіз балығында, жұмыртқаның сары уызында және бауыр құрамында бар. Мырыш суықтан қорғап, төзімді етеді. Бауыр, ет, теңіз тағамдары, тары, ашытқы, асқабақ, күнбағыс тұқымы, күнжіт тұқымы мен жұмыртқа құрамында бар. Магний бұлшық еттеріне, қан тамырларына, денсаулыққа маңызды элементтер мен асқорытуға әсер етеді. Магний арпада, бананда, жапырақты көкөністерде және қара шоколадта бар. Селен вирустармен күреседі. Селен нан, бауыр, теңіз тағамдары, қызылша, брокколей, бидай, пияз және жұмыртқа құрамында бар.