Баяндама 2025-2026 оқу жылы
2025-2026 оқу жылында мектебімізде 2061 оқушы білім алуда. 1-ауысымда 1116 білім алушы, 2-ауысымда 945 білім алушы оқып жатыр.
Мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 56 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 18 камерасы сыртта, 38 камера іште орналасқан, 4 бейнебақылау камерасы аудандық ішкі істер бөлімімен интерграцияланған. Мектеп ғимаратына бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу үшін 4 турникет орнатылған. Мектепке кірер кезде тыйым салынған заттарды алып кірмеуін қадағалау мақсатында мамандандырылған күзет қызметкері металіздегішпен тексеру жүргізеді. Сонымен бірге, 5 штаттық бірлікте вахтер мектепке келушілерді тіркеп, бейнебақылау камераларына үздіксіз бақылау жүргізеді. Мектепте аудандық полиция бөліміне жедел хабар жеткізу мақсатында «дабыл түймесі» қалыпты жұмыс істейді.
Мектепте құқық бұзушылықтың алдын алу — тәрбиелік жұмыстың басты бағыттарының бірі. Жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Ауданымызда 2024 жылдан бастау алған «Смартфонсыз мектеп» жобасы жалғасын тауып, оқу кабинеттерінде және дәлізде ұялы телефондарға арналған жәшік қарастырылған, мектеп ғимаратында жалпы саны 80 ұяшықтан тұратын 2 дана сөре орнатылды.
Сонымен бірге, жедел көмек көрсету және кез келген мәселені жылдам шешу мақсатында 109 Call орталығының нөмірі, 111 QR кодтары дәліздерде және оқу кабинеттерінде ілінген. Бұл бастама – оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін қолжетімді әрі тиімді байланыс тәсілін қамтамасыз етеді.
Мектеп оқушыларына “мектептің ішкі тәртіп ережелері мен мектеп формасына қойылатын талаптары” бойынша №26 бұйрықтағы міндетті мектеп формасы түсіндіріліп, жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілді.
Биылдан бастап елімізде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі-әділдік, жауапкершілік, еңбек құндылықтарын арқау ететін адал азаматты қалыптастыру. Хакім Абай "Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады" деп айтқан. "Отбасы – мектеп – бала" үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ең алдымен отбасы мен мектеп баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететін басты орта болғандықтан өзара бірлескен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында» ата-аналар үшін тақырыптық жиналыстар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Ұлттық тәрбие мектептерін қалпына келтіру бағытында «Даналық мектебі» клубында ата өсиетін, әже даналығын, ағаның қамқорлығын, жеңгенің кеңесін жан-жақты түсіндіретін іс-шаралар жүргізілсе, аптаның әр дүйсенбісінің бірінші сабағында тәрбие сағаты және 10 минут қауіпсіздік сабағы өткізілуде. Сонымен қатар, мектебімізде оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, тәртіптілікке баулу және қоғамға пайдалы істерге жұмылдыру мақсатында «Бүркіт» жас сақшылар тобы құрылды. Бұл топтың негізгі міндеті – мектеп аумағында тәртіпті сақтау, жол ережесін насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алу және сыныптастар арасында өзара сыйластықты нығайту. Сонымен бірге, оқушылардың көшбасшылық, ұйымшылдық дағдыларын дамыту мақсатында «Жас ұлан», «Өзін-өзі басқару ұйымы» жұмыс істейді. Бұл бастама оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, патриоттық сенімді қалыптастырады.
Биылғы оқу жылында құқық бұзушылықтың алдын алу және профилактикалық іс-шараларды күшейту мақсатында мектеп оқушыларымен жоспарға сәйкес түрлі форматтарда жиын, кездесу және дәрістер тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, ауданымыздың құқық қорғау орган қызметкерлерімен қыркүйек айынан бастап 30-дан астам іс-шаралар өткізілді. Іс-шаралар барысында құқықбұзушылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу, түнгі уақытта үй-жайдан тыс жерде ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүруге, жолда жүру барысында жол қауіпсіздігін сақтау, зиянды заттарды қолдануға болмайтындығы жөнінде оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу — тек мектептің емес, ата-ана мен қоғамның да ортақ міндеті. Мектепте «Смартфонсыз мектеп», «Қауіпсіз қоғам», «ДосболLIKE» және «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» жобалары жүргізілуде. Нәтижесінде оқушылардың құқықтық сауаттылығы артып, тәртіп бұзушылықтың алдын алу деңгейі жақсарып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.