07
февраль
2022
Ашық сабақтар
Иван Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдістемелік бірлестігінің айлығы өтуде. Іс- шара жоспарына сәйкес 2022 жылдың 31 қаңтары күні 4 «Б» сыныбымен пән мұғалімі Қайратқызы Диана «Көктемдегі өзгерістер» тақырыбында ашық сабақ өтті.Сабақ барысында оқушыларға көктем туралы бейнефильм көрсетіліп, сабақтың тақырыбын болжатты. Топтық тапсырмада тыңдалған мәтін бойынша екі топ кластер құрастырып, бір-бірін «Бағдаршам» әдісі арқылы бағалады. Жеке жұмыста оқушылар тыңдаған мәтін бойынша «Араның ұясы» әдісі арқылы өз деңгейлерінде сұрақтарға жауап берді. Жұптық жұмыста оқушылар жазылым тапсырмасын орындап, екі жұп бірін-бірі тексеріп, «Бас бармақ» әдісі арқылы бағалады. Сабақты қорытындылау «Өз орнын тап» ойыны арқылы жүзеге асты. Оқушыларға таяқша таратылды. Оқушылар таяқшадағы сөйлемдердің ішінен септік жалғауларын тауып, өз ыдыстарына салды. Сабақ соңында кері байланыс жүргізіліп, оқушылар сабақты қалай түсінгендерін көрсетті.
2022 жылдың 02 ақпан күні қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қайыпжанов Р.С. “Менің Тәуелсіз Қазақстаным" қашықтықтан ZOOM платформасында 5”Б” сыныбымен ашық сабақ көрсетті. Сабақтың мақсаты: тыңдалған мәтіннің мағынасын түсіне отырып, дұрыс және қате ақпараттарды анықтау, жазба жұмыстарында жалғауларды дұрыс жалғап үйрену. Тақырыпты болжау барысында бейнероликтер мен фотолар көрсетілді. Заман талабына сай, сабақта оқытудың жаңа технологияларын тиімді қолдана білу мақсатында «Миға шабуыл» әдісі Quizziz.com сайтымен жүргізілді. Сайтта Тәуелсіздік жайында 10 сұрақ дайындалды. Сайттың ерекшелігі тапсырылған тесттің нәтижелері бірден шығады. Қай оқушы қай сұраққа жауап бере алмады, тіпті уақытына дейін анықтап бере алады. Әрі қарай білім алушылар сөздікпен жұмыс жасау барысында жаңа сөздермен танысып, сөз тіркесін жасады. «Ассоциация» әдісімен диаграмманы толтыру арқылы «Тәуелсіздік» деген ұғымды қалай түсінетінін көрсетті. Сонымен қатар білім алушылар мәтін мазмұнына сай «дұрыс» немесе «қате» ақпараттарды анықтай отырып, тыңдалым мәтінін жақсы түсінгенін дәлелдеді. Тапсырма орындау барысында жалғаулардың ерекшелігін ескеріп, жазылым тапсырмасын үндестік заңына сәйкес орфографиялық нормаға сай дұрыс орындады. Сабақты қорытындылай отырып, білім алушыларға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздіктен кейін жеткен жетістіктері» тақырыбында қосымша дерек көздерінен ақпарат жинау тапсырмасы берілді.
2022 жылдың 31 қаңтар күні 10”Б” сыныбымен пән мұғалімі Төлеушова Құралай "Экспортқа шығарылатын өнімдер" тақырыбында ZOOM платформасында ашық сабақ көрсетті. Жұптық жұмыста оқушылар мақал-мәтелдерді кірістіріп, диалог құрастырды. Сынып екі топқа бөлініп, бірінші топ «Экспорт өнімдері» жайлы постер қорғады, ал екінші топ «Домино» тәсілін қолданып, сөйлемдерді дұрыс құрастырды. Әр тапсырмадан кейін бағалау жұмысы жүрді. Сабақ соңында “3-2-1”әдісі бойынша кері байланыс беріп, оқушылар сабақты жақсы түсінгендерін айтты.