

2026 жылдың наурыз айында Иван Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында “Еңбегі адал - жас өрен” жобасы бойынша 9–10 сынып білім алушыларына арналған «Адам өміріндегі еңбектің рөлі» тақырыбында ауданымыздың жеке кәсіпкері Алия Аубакирова Нәметқазықызымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – білім алушыларға адал еңбектің маңызын түсіндіру, кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру, еңбекқорлық, табандылық және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру.
Кездесу барысында Алия Нәметқазықызы өзінің еңбек жолы, кәсіп бастаудағы алғашқы қадамдары мен жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол әрбір жетістікке табандылық пен үздіксіз еңбектің арқасында жетуге болатынын айтып, оқушыларды алға мақсат қойып, өз армандарына сенуге шақырды. Кәсіпкер өз сөзінде адал еңбек, уақытты тиімді пайдалану және білімге ұмтылу – болашақ табыстың негізгі кілті екенін ерекше атап өтті.
Оқушылар кездесуге белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіпкерлік пен еңбек жолы туралы құнды мәліметтер алды. Ашық әңгіме түрінде өткен бұл кездесу білім алушыларға үлкен әсер қалдырып, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға, еңбекке деген құрметін арттыруға ықпал етті.
Тағылымды шара жас ұрпақты адал еңбекке баулып, өмірлік мақсаттарын айқындауға бағытталған тәрбиелік мәні зор кездесулердің бірі болды.