20
февраль
2026
«Пластиксіз өмір»

🔰Иван Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жоспарының аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және білім алушылардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Пластиксіз өмір» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өткізілді. Іс-шараға «Жас Ұлан»балалар мен жасөспірімдер ұйымы және «Жас Қыран» ұйымының оқушылары белсенді түрде қатысты.
📌Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға пластик қалдықтарының қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы түсінік беру, экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелеу және күнделікті өмірде пластикті тұтынуды азайту жолдарын насихаттау болды. Шараға ұйым мүшелері белсенді қатысты.
Дөңгелек үстел барысында пластик қалдықтарының көбеюі, олардың табиғатта ұзақ уақыт ыдырамай сақталуы және экожүйеге келтіретін зияны туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңыздылығы түсіндіріліп, пластик, шыны және қағаз қалдықтарын бөлек жинау, қайта өңдеуге тапсыру жолдары туралы нақты мәліметтер берілді. Оқушыларға әр қалдық түрінің арнайы жәшіктерге бөлініп салынуы, қайта өңдеу арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге болатыны және қоршаған ортаның ластануын азайтуға ықпал ететіні түсіндірілді.
Негізгі бөлімде оқушылар топтарға бөлініп, «Пластиксіз бір күнім» тақырыбында шығармашылық жұмыстар әзірледі. Әр топ экологиялық таза балама өнімдерді ұсынып, пластик қалдықтарын азайтуға бағытталған өз бастамаларын қорғады. Сонымен қатар мектеп аумағында экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қайта өңдеу жәшіктерін орнату және эко-акциялар ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтылды.
Қорытынды бөлімде қатысушылар «Менің эко-қадамым» атты жеке міндеттемелер қабылдап, болашақта пластикті азайтуға бағытталған нақты әрекеттер жасауға уәде берді.
Аталған іс-шара оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға және жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етті. «Жас Ұлан» БМЖ ұйымы және «Жас Қыран» ұйымының мүшелері қатысуымен өткізілген бұл шара мазмұнды, тәрбиелік мәні зор және жоғары деңгейде ұйымдастырылды.