Ұлттық бірыңғай тестілеу - 2026
Ұлттық бірыңғай тестілеу - 2026
10. Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларының ұқсас бағыттарына оқуға түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:
1) Қазақстан тарихы бойынша – 20;
2) математикалық сауаттылық бойынша – 10;
3) оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша – 10;
4) бірінші бейіндік пән бойынша – 40;
5) екінші бейіндік пән бойынша – 40.
14. ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 140 балл.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетін тұлғалар үшін ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 130 балл.
18. ҰБТ тест тапсырмаларының жауаптарын бағалау келесі түрде жүзеге асырылады:
1) бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен бағаланады;
бір немесе бірнеше дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады;
2) бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар (үш дұрыс жауаптан артық емес) және сәйкестікті анықтауға арналған тест тапсырмаларында:
бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен;
бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында бір дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен;
бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен;
екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен;
екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында бір дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен;
екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында бір дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен;
екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен;
екі дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен;
үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында үш дұрыс жауапты таңдағанда екі балмен;
үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен;
үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында екі дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен;
үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында үш дұрыс жауапты және бір дұрыс емес жауапты таңдағанда бір балмен;
үш дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында тек бір дұрыс жауапты не екі және одан да көп дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады.
Контекст негізіндегі тест тапсырмаларының жауаптарын бағалау келесі түрде жүзеге асыралады:
бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында дұрыс жауапты таңдағанда бір балмен бағаланады;
бір немесе бірнеше дұрыс емес жауапты таңдағанда нөл балмен бағаланады.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 28.02.2024 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3-тарау. Электрондық форматтағы ҰБТ-ны өткізу рәсімі.
1-параграф. Электрондық форматтағы ҰБТ-ға құжаттар қабылдау және оны өткізу процесі.
74. Электрондық форматтағы ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттар қабылдау онлайн режимде осы Қағидаларға 3-қосымшаға немесе № 502 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша белгіленген үлгіге сәйкес мынадай кезеңдерде жүзеге асырылады:
1) күнтізбелік жылғы 20 желтоқсан мен 30 желтоқсан аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін, бұл ретте түсушілерге көрсетілген кезеңде 1 (бір) реттен артық емес өтініш беруге мүмкіндік беріледі;
2) күнтізбелік жылғы 15 ақпан мен 25 ақпан аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін, бұл ретте түсушілерге көрсетілген кезеңде 1 (бір) реттен артық емес өтініш беруге мүмкіндік беріледі;
3) күнтізбелік жылғы 10 сәуір мен 25 сәуір аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін, бұл ретте түсушілерге көрсетілген кезеңде 2 (екі) реттен артық емес өтініш беруге мүмкіндік беріледі;
4) күнтізбелік жылғы 25 шілде мен 5 тамыз аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін, бұл ретте түсушілерге көрсетілген кезеңде 1 (бір) реттен артық емес өтініш беруге мүмкіндік беріледі.
Электрондық форматтағы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн режимде өтініш беру кезінде түсуші тестілеу күнін және уақытын, ҰБТӨП-ті таңдай алады.
Ескерту. 74-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 28.02.2024 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
74-1. Электрондық форматтағы ҰБТ мынадай мерзімдерде өткізіледі:
1) күнтізбелік жылғы 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі;
2) күнтізбелік жылғы 1наурыз – 6 сәуір аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі;
3) күнтізбелік жылғы 10 мамыр мен 10 шілде аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін (бұл ретте ҰБТ нәтижесі республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру конкурсына қатысу немесе ЖЖОКБҰ-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін жарамды);
4) күнтізбелік жылғы 10-20 тамыз аралығында осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Күнтізбелік жылғы 10 мамыр мен 10 шілде аралығында ҰБТ тапсыратын тұлғалар үшін бейіндік пәндер комбинациясын өзгертуге жол берілмейді.
75. ҰБТ-ны электрондық форматта өткізу кезінде оқуға түсушілер ҰБТӨП-ке бір-бірден кіргізіледі, бұл ретте оқуға түсушінің жеке басын көлемді-кеңістіктік нысандағы сканер арқылы сәйкестендіру жүргізіледі және жеке басын растайтын құжаты және он алты жасқа толмағандарға орта білім беру ұйымын ағымдағы жылы аяқтайтыны туралы анықтамасы ұсынылады.
Тестілеуге кіргізу кезінде қолды және рамалық типтегі металл іздегіштер қолданылады. Тестілеуге кіргізу кезінде металл іздегіштерді қолдану тестілеуді өткізу кезінде түсушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың ҰБТӨП-ке мынадай тыйым салынған заттарын: фотоаппарат, ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған кез келген ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad (Айпад), iPod (Айпод), SmartPhone (Смартфон), рациялар, ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), смарт сағаттар, смарт көзілдірік, фитнес білезіктер (трекерлер), диктофон, сымды және сымсыз құлаққаптар, микроқұлаққаптар, сымсыз бейнекамераларды, GPS (ДжиПиЭс) навигаторларды, GPS (ДжиПиЭс) трекерлерді, қашықтан басқару құрылғыларын, сондай-ақ келесі стандарттарда жұмыс істейтін басқа да ақпарат алмасу құрылғыларын: GSM (ДжиСиМ), 3G (3 Джи), 4G (4 Джи), 5G (5 Джи), VHF (ВиЭйчЭф), UHF (ЮЭйчЭф), Wi-Fi (Вай-фай), GPS (ДжиПиЭс), Bluetooth (Блютуз), Dect (Дект) алып кірмеу үшін жүзеге асырылады.
Сонымен қоса, келесі заттарды тестілеу ғимаратына кіргізуге тыйым салынады: шпаргалкалар, оқу-әдістемелік әдебиеттер, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштігі кестесі, калькулятор, А0-А10 форматтағы қағаздар.
Тестілеуге жіберу барысында металл іздегішпен тексеру жүргізу кезінде осы тармақта көрсетілген тыйым салынған заттар анықталған жағдайда, тестілеу әкімшілері осы Қағидаларға 31-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "ҰБТӨП-ке кіреберісте тестілеуге тыйым салынған зат табылғаны туралы және түсушіні ҰБТӨП-тен шығару туралы акт (электрондық формат)" жасайды және түсуші осы тестілеуге жіберілмейді.
Тестілеуге кіргізу барысында бөгде адам анықталған жағдайда тестілеу әкімшісі осы Қағидаларға 32-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Тестілеуге кіргізу барысында бөгде адамды анықтау актісін (электрондық форматта)" жасайды, оқуға түсуші ағымдағы жылы тестілеуге жіберілмейді.
Ұлттық тестілеу орталығы түсушіні сайттағы жеке кабинеті арқылы тестілеуге жіберілмейтінін қосымша хабардар етеді.
78. Тестілеуді бастау үшін түсушіге:
тестілеу жүйесіне кіру үшін компьютер экранындағы өрісте логині мен паролін көрсету немесе жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу (бұдан әрі – ЖСН) және компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканері арқылы авторизациялаудан өту;
"ҰБТ тестілеу" интерфейсін ашу;
тестілеу тапсыру тілін таңдау, бұл ретте тестілеу басталғаннан кейін тестілеуді тапсыру тілі өзгермейді;
бейіндік пәндер комбинациясын таңдау және таңдау дұрыстығын растау;
ҰБТ тапсыруға кірісу.
Түсуші тестілеу жүйесіне әрбір кіру және шығу кезінде, сондай-ақ тестілеу аяқталғаннан кейін компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканері арқылы авторизациялаудан өтеді.
79. ҰБТ ұзақтығы - 240 минут (4 сағат).
Тестілеудің 60 минуты өткеннен кейін жаттығуларға арналған 2 минут көлемінде үзіліс жүзеге асырылады.
120 минут тестілеу аяқталғаннан кейін жаттығуларға арналған 3 минут көлемінде үзіліс беріледі.
180 минут тестілеу аяқталғаннан кейін 3 минут көлемінде үзіліс беріледі.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеу ұзақтығы – 70 минут.
Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсуші Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін тестілеудің ұзақтығы – 20 минут.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша ЖЖОКБҰ – ның білім алушылары және басқа білім беру бағдарламалары топтарына ауысқысы келетіндер үшін тестілеу ұзақтығы-130 минут.
Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсушілер үшін ҰБТ-ға 120 минут (2 сағат) бөлінеді.
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас даярлау бағыттары бойынша түсушілер үшін-80 минут.
Мүгедектігі бар балалар және мүгедектігі бар адамдар (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) үшін тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі.
80. Электрондық форматтағы ҰБТ-ны өткізу барысында түсушіге академиялық адалдық принциптерін бұзуға, оның ішінде:
аудиториядан (компьютерлік сыныптан) тестілеу әкімшісінің рұқсатынсыз 10 минуттан артық шығуға;
Бұл ретте төтенше, форс-мажорлық жағдайларды және/немесе түсушілердің денсаулығына байланысты жағдайларды қоспағанда, тестілеудің бірінші және соңғы сағаттарында шығуға;
сөйлесуге, орын ауыстыруға;
құжаттармен, кез келген тыйым салынған заттармен және түсушіге жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парағымен алмасуға;
тестілеу материалдарын, құжаттарды және тест тапсырмаларымен жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парақты аудиториядан (компьютерлік сыныптан) алып шығуға, бүлдіруге;
аудиторияға (компьютерлік сыныпқа) Қағидалардың 75-тармағында көрсетілген тыйым салынған заттарды алып кіруіне және/немесе қолдануына;
тестілеу алдында немесе тестілеу кезінде шулауға;
тестілеу тапсырмаларының мазмұнын талқылауға және жария етуге;
тестілеуге пайдаланылатын техникаға және қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге;
тестілеу жүйесіне араласу әрекетіне және тестілеуден өтуге байланысты өзге де бұзушылықтарға рұқсат етілмейді.
Бұл ретте тестілеу өткізілетін компьютердің интерфейсіндегі калькуляторларды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі.
Бұл ретте осы Қағидалардың 74-1 тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мерзімде ҰБТ тапсыратын тұлғаларға Менделеев кестесі мен тұздардың ерігіштігі кестесі қосымша қағаз нұсқада беріледі.
Түсуші аудиториядан шыққан жағдайда аудиторияға қайта кірген кезде металл іздегішпен тексеріліп кіргізіледі.
Ескерту. 80-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 28.06.2024 № 318 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
96. Апелляция мынадай жағдайларда қарастырылады:
тест тапсырмаларының мазмұны бойынша:
1) дұрыс жауап дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келмесе (дұрыс жауаптың нұсқасы көрсетіледі);
2) дұрыс жауап болмаса;
3) берілген барлық жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмаларында бірден көп дұрыс жауап болса (дұрыс жауаптардың барлық нұсқалары көрсетіледі);
4) тест тапсырмасы дұрыс құрылмаса.
техникалық себеп бойынша:
тест тапсырмасы шартының фрагменті (мәтін, сызба, суреттер, кестелер) табылмаса, соның нәтижесінде дұрыс жауапты анықтау мүмкін болмағанда;
Апелляция өтінішінде көрсетілген нақты фактілер қарастыруға жатқызылады.
Барлық тест тапсырмаларының дәлелді негіздемесін көрсетпей, әрқайсысын қайта қарастыру көрсетілген апелляция өтініші қарастырылмайды.
Мазмұны бойынша апелляция өтінішінде тест тапсырмаларын қайта қарастыру бойынша түсуші дәлелді негіздемені көрсетуі тиіс (толық түсіндірме).
97. Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Өтінімді қайта берген кезде республикалық апелляциялық комиссияның шешімі қайта қарауға жатпайды.
Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі комиссияның төрағасы және мүшелерінің қолымен расталған осы Ереженің 36-қосымшасына сәйкес форма бойынша хаттамамен ресімделеді. Республикалық апелляциялық комиссияның хаттамалары бір жылға тестілеуді ұйымдастыруға жауапты ұйымда сақталады.
Апелляция нәтижесі түсушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Ескерту. 97-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 09.02.2022 № 42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.